ҚР Қарулы күштерінде жазғы оқыту кезеңі басталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде жауынгерлік оқудың ең қарқынды және жауапты жазғы оқыту кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы бойынша сабақтар басталды. Сонымен, «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде жарылғыш заттарды қолдану, алғашқы медициналық көмек, гарнизондық және қарауылдық кезекшілік уақытында күзет бекетінде қаруды пайдалану әдістері, жауынгерлік және дене даярлығы бойынша қауіпсіздік шаралары, құрамында улы химиялық заттар бар құралдарды қолдану тәсілдерін зерделеу, сондай-ақ бронды техниканы және т.б. қолдану кезінде өрт, техника қауіпсіздігі жөнінде сабақтар басталды.

Ал Қапшағай қаласындағы 58012 әскери бөлімінде жазғы оқыту кезеңінде инженерлік әскерлер мамандарының дара дайындығы жүзеге асырылады. Сабақтар жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүргізіледі, жеке құрамды оқыту кезінде ерекше назар инженерлік оқ-дәрілерді, техника мен мүлікті пайдалану тәсілдерінің әрекет ету қағидатын зерделеуге, оларды пайдалану қағидаларына бағытталған. Тапсырмалар штаттық арналымға байланысты инженерлік қару-жарақ құралдарын қолдана отырып, күрделі жағдайларда әртүрлі амалдармен орындалады.

Мамандардың дара дайындығы аяқталысымен олардың арналуына сәйкес роталардың үйлесуі өткізілетін болады.