Қазақстан Қарулы Күштерінде ертең мерекелік іс-шаралар өтеді. Еліміздің барлық өңірлерінде: Құрлық әскерлерінде, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінде орналасқан әскери госпитальдердің медицина қызметіндегі әскери қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын тарту етеді.
Әскери дәрігер болу - бұл нағыз бейімделуді талап ететін кәсіп. Қазақстандық әскери дәрігерлер үшін ерліктің үздік үлгісі Ұлы Отан соғысы жылдары нағыз ерлік көрсеткен олардың батыр әріптестері болып саналады. Сұрапыл соғыс жылдары нәзік жандыларға да күрделі, әрі ауыр міндет жүктелген болатын. Өздері артиллериядан жауған оқтың астында қалса да, олар өз бетінше ұрыс даласынан талай жаралы жауынгерлері алып шықты.
Бүгінде өздерінің күнделікті еңбегімен әскери дәрігерлер Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне қол ұшын беруде. Олардың басты міндеті - әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын сақтау және оны нығайту. Армияда дәрігерлердің адам өмірін сақтап қалу оқиғалары жиі кездесетін жағдай.
Естеріңізге сала кетсек, бір айға жуық уақыт бұрын Жамбыл облысында ҚР Қарулы Күштері 63302 әскери бөлімі іргесіндегі әскери медицина жеке жасағының әскери дәрігерлері клиникалық өлім жағдайында келіп түскен қыздың өмірін құтқарып қалды.
Сонымен қатар, ҚР ҚК әскери медицина қызметі биыл Армия халықаралық ойындарының «Әскери-медициналық эстафета» байқауына қатысқанын ерекше атап өткен жөн. Бұдан өзге, ертең Астанада сағат 11.00-де ҚР ҚК ұлттық әскери-патриоттық орталығында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтеді. Іс-шара барысында медицина қызметінде ерекше көзге түскен әскери қызметші дәрігерлердің есімдері аталады.
Мерекелік іс-шараға алғаш рет барлық әскер түрлері бойынша медицина қызметтерінің бастықтары қатысатын болады. Ресми рәсім аяқталған соң осы саладағы әскери қызметшілердің ұйымдастыруымен әзірленген мерекелік концерт өтеді.