ҚР Қаржы министрлігі 2015 жылғы І тоқсанда бюджет қаражатын игеруде 125 млрд. теңгеден астам сомаға бұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің ревизорлары ағымдағы жылғы бірінші тоқсанында бюджеттен бөлінген 700 млрд. теңгеден астам қаражатты тексеріп, 125 млрд. теңгеден астам сомаға бұзушылықтарды анықтады.

«Басқару тиімділігін арттыру және бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылғы бірінші тоқсаны үшін жұмыс қорытындылары бойынша аталған кезең үшін бюджеттен бөлінген 700 млрд. теңгеден астам қаражат тексерілді. 125 млрд. теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды. Тексерулер қорытындылары бойынша 308 млн. теңгеден астамы «нақты ақшалай» мемлекеттік бюджет кірісіне өтелуі қамтамасыз етілді. 19 млрд. теңге сомасына 124 материал құқық қорғау органдарына берілді. 426 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен.

ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевтың айтуынша, мемлекеттің қаржылық ресурстарының тиімді басқарылуын, мемлекет қаражатын пайдаланудың ашықтығын және қаржылық тәртіпті жақсартуды қамтамасыз ету Комитеттің міндеттері болып табылады.

Өткен жылы мемлекеттік қазына кірісіне өтелуге жататын 8,0 млрд. теңге тіркелді, соның ішінде 3,0 млрд. теңге Комитеттің күшімен өтелу қамтамасыз етілді. 2014 жыл үшін 2,5 трлн. теңгеден астамын Қаржылық бақылау комитеті бақылаумен қамтыды, соның ішінде 823,0 млрд. теңгеге жуығы бюджет заңнамасының және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының бұзушылықтарымен пайдаланылды.

Өзара іс-қимыл шеңберінде 101,0 млрд. теңгеден астам сомадағы 632 материал құқық қорғау органдарына берілді. 485,0 млн. теңгеге 2 260 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 309 мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындылары жойылды, мұнымен әлеуетті өнім берушілердің бұзылған құқықтары қорғалды және барлық мемлекеттік сатып алуға қатысушылары үшін тең жағдайлар қамтамасыз етілді.