ҚР Қаржы министрлігі МКК оңалту және банкроттық мәселелерін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының жетекшісі Айгүл Уалиева банкрот деп танылған кәсіпорынның дағдарыстан шығуының жаңа жолдарын айқындап берді.

Оның атап өтуінше, Елбасының «100 қадам» Ұлт жоспары аясында оңалту және банкроттық мәселелері бойынша заң қабылданды. Ол банкрот деп танылған кәсіпорынның дағдарыстан шығуының жаңа жолдарын айқындайды.

«Біріншіден, төлем қабілетсіздігін реттеу. Кәсіпорында қарыздар болған жағдайда, ол банкроттыққа баруға міндетті емес. Заң борышкерге кредиторлармен қарыздарды қайтару жолдары мен мерзімі туралы келісімге келуге мүмкіндік береді. Бұған 2 ай уақыт беріледі. Бұл ретте тұрақсыздық айыбын есептеу тоқтатылады және ешкім борышкерді банкрот деп тануға жүгіне алмайды.

Келісім сотпен бекітіледі және борышкер әдеттегі қызметіне кіріседі. Кредиторларға төлемдер кестеге сәйкес жүргізіледі. Екіншіден, банкроттық рәсімінен оңалтуға көшу. Банкроттық механизмі жүргізілу барысында борышкер-кәсіпорынның меншік иесі өзінің бизнесін сақтап қалу мүмкіндігін тапқан кездер орын алады. Қабылданған Заң, банкроттықтан оңалтуға көшу мүмкіндігін береді. Бұл ретте оңалту жоспарын әзірлеп, оны барлық кредиторлармен келісіп, сотқа жолдау қажет. Сот тарапынан оңалту қолданған күннен бастап әзірленген жоспар негізінде банкроттық рәсімі тоқтатылады», - деді ол.

А.Дуалиеваның айтуынша, үшіншіден бітімгершілік келісім жасалады. Бұл ретте Заң борышкерге банкроттықтың кез келген сатысында барлық кредиторлармен бітімгершілік келісім жасасуға мүмкіндік береді. Міндетті шарт: алдын ала еңбекақы бойынша берешек толық көлемде өтелуі тиіс. Бітімгершілік келісімді сот бекіткен сәттен бастап банкрот деп тану туралы сот шешімі орындалуға жатпайды.

«Төртіншіден, банкрот-компанияны сату және меншік иесін ауыстыру.

Қабылданған Заңға сәйкес банкрот-кәсіпорынды тұтас мүліктік кешен ретінде, атауы және сауда белгісімен сатып алып, оның жаңа иесіне айналуға болады.

Кредиторлармен есептескеннен кейін мекеме банкрот деген статусынан айырылады», - деді ол.