ҚР Қаржы полициясы «Теңізшевройл» ЖШС-нің 212 млрд. теңге сомасындағы мұнайды заңсыз өндіруі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ҚР Қаржы полициясы «Теңізшевройл» ЖШС-нің 212 млрд. теңге сомасындағы мұнайды заңсыз өндіруі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі (қаржы полициясы) Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«ҚР Бас прокуратурасынан келіп түскен Теңізшевройл ЖШС-нің 212,4 миллиард теңгенің мұнайын заңсыз алу фактісіне қатысты қызметінің тексеріс материалдары бойынша агенттікпен биылғы жылғы маусымның 12-інде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-шы бабы, яғни аса ірі көлемде табыс табумен ұштасқан заңсыз кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғалды»,- деді М. Жұманбай.

«Тексеріс барысында ТШО ЖШС «Теңіз» мұнай кен орнында белгіленген аумақтан тыс, яғни 5 мың 100 метр тереңдіктен төмен 41 ұңғыманы қазғандығы анықталды»,- деп тоқталды ол.

Атап айтқанда 2002 жылғы қыркүйектің 1-інен биылғы жылғы маусымның 1-і аралығында 10 ұңғымадан тау кен белгісінің аумағынан тыс 3,4 млн. тонна мұнай өндірілген.

«Тергеу шаралары жүргізілуде және өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды»,- деді ресми өкіл.