ҚР Кәсіподақтар федерациясының қатарында 2 миллионнан астам мүше бар - С.Мұқашев

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазіргі таңда еліміздің Кәсіподақтар федерациясының қатарында 2 миллионнан астам мүше бар.

Бұл туралы бүгін аталған федерацияның төрағасы Сиязбек Мұқашев ертең өтетін Қазақстан еңбекшілері форумына қатысуға келген делегаттармен болған жұмыс кездесуі барысында айтты.

Оның атап өтуінше, федерация мүшелерінің саны бұдан да арта түсетін болады. Өйткені елімізде қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 150 кәсіпорын ашылса, ағымдағы жылы осы бағдарлама ауқымында тағы да бірқатар жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар Үкімет қабылдаған Жұмыспен қамту бағдарламасы ауқымында да жұмыс орындары ашылатын болады.

«Адамдардың кәсіподақтардың қатарына өз еріктерімен кіруі еліміздің кәсіподақтарының беделіне тікелей байланысты», - деді ол.

С.Мұқашев сондай-ақ кездесу барысында республикалық кәсіподақтары әрқашанда жұмысшылардың мүддесін қорғайтындығын әрі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыра түсетіндігін баса айтты.