ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М.Тәжин ҰҚШҰ Бас хатшысымен кездесті

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Ақордада Президенттің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин 11 қарашада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті.

Әңгіменің бас тақырыбы ҰҚШҰ қызметіндегі алдағы желтоқсан айында өткізілетін маңызды оқиға - Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Қорғаныс министрлерінің кеңесі, Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитеттерінің бірлескен отырысы мен ҰҚШҰ мүше мемлекеттер басшыларының деңгейінде өткізілетін Қауіпсіздік кеңесінің сессиясы болды.

Н.Бордюжа үстіміздегі жылдың мамырында Мәскеуде және тамызда Ереванда өткізілген бейресми саммиттерде мемлекет басшыларының берген тапсырмаларын орындау мақсатында жасалып жатқан жобалық құжаттарға қатысты жұмыстар туралы ақпарат берді. Бұл жерде негізгі екпін дағдарысқа қарсы қимыл жасау механизмдерін жетілдіруге қатысты құжаттар пакетін дайындауға бағытталды.

Өз кезегінде М.Тәжин қазақстандық тарап жағынан ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамытуға мүмкіндік беретін және оған қандай да бір қауіптерге қарсы тұрудың жаңа мүмкіндіктерін беруге қатысты қажетті шараларды жүзеге асырып отырғанын мәлімдеді.