ҚР Қауіпсіздік кеңесінің жанындағы сараптамалық кеңестің күн тәртібінде Қазақстанның Каспий аймағындағы ұлттық мүдделерін ілгерілету мәселелері талқыланды

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президентінің көмекшісі-Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің жанындағы сараптамалық кеңестің үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде Қазақстанның Каспий теңізі аумағындағы ұлттық мүдделерін ілгерілету, сондай-ақ жалпыұлттық деңгейдегі экономикалық қауіпсіздікке жүргізілген мониторинг жүйелерін құру туралы мәселелер талқыланды.

Сарапшылардың пікірінше, Каспий маңы елдерін қауіпсіздікпен қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жағалау елдерінің бірлескен шараларын күшейту Қазақстан Республикасының Каспий аумағындағы ұлттық мүдделері ілгері жылжытудағы басты мәселелер болып табылады.

Отырыс барысында жалпыұлттық деңгейдегі экономикалық қауіпсіздік мониторингі мен өлшемдер жүйесі мәселелері нақты сарапқа салынды.

Отырыс қорытындысын шығара отырып, сарапшылар кеңесінің төрағасы М.Тәжин белгіленген проблемаларды жан-жақты және кешенді талдау, сондай-ақ бұл мәселе бойынша ұсынбалар даярлау үдерісіне ғылыми-сарапшылық қоғамдастық өкілдерін белсенді тарту қажеттігін атап көрсетті.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы сарапшылық кеңес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми-әдістемелік ұсынбалар әзірлеу мақсатында сарапшылық зерттеулер жүргізетін ғылыми-кеңесші орган. Кеңес мүшелері жетекші ғалымдар, талдамашылар, ғылыми-зерттеу орталықтарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Отырыстарға Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ведомстволарының өкілдері қатысады.

Талқылау барысында Сарапшылық кеңес күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты ұсынбаларын берді, олар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Ведомствоаралық комиссияларының одан әрі жұмыстарында пайдаланылатын болады.