ҚР кейбір заңнамалық актілеріне үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер енгізетін құжат бірінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сенаторлар жалпы отырыста Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында бұл құжат бойынша баяндаманы Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбеков жасады. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы уәкілетті органға және құрылыс салушының төлем қабілетіне байланысты қойылатын талаптарды қатайтады. Сонымен қатар ол құрылыс салушының тұрғын үй ғимараттарын салу тәжірибесінің болуын талап етеді. «Заң жобасының талаптары бойынша құрылыс жұмыстарына құрылыс салушы мен жобалау компаниясының өкілінен тұратын және үлескер мен банк- агенттен тұратын екі тарап қатысады. Банк -агент бұл ретте құрылысқа инвестор ретінде қатысады. Құжатта үлестік құрылысқа қосымша қатысушыларға нақты анықтама берілген», деді вице-министр. Оның айтуынша, заң жобасында үлескерлердің қаражаттарының тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатында құрылыс салушының өзін үлестік құрылысқа қатыстырмауды қарастыратын бап бар.