Хабарламада 26 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін Бішкек қаласының Мир көшесі, 95 А мекен жайында дауыс беруге болатыны жазылды.
№214 сайлау учаскесінде ҚР Президенттігіне үміткерлер туралы тиісті ақпарат орналастырылған. Дауыс беруге Қырғызстанда жеке шақыртумен, қызметтік бабымен, іскерлік және туристік сапармен жүрген ҚР азаматтары ҚР төлқұжаты болған жағдайда қатыса алады. Сондай-ақ, кез-келген ҚР азаматы сайлаушылар тізімінде өзінің аты-жөнін анықтап, болмаған жағдайда өтініш жазып енгізе алады. ҚР елшілігінің ақпаратына сүйенсек, Бішкекте консулдықтың есебінде 270 қазақстандық бар. Олар дауыс берушілердің тізіміне енгізілді. Қатары алдағы уақытта артуы мүмкін. Қырғызстандағы ҚР Елшілігінің сайлау мәселелері бойынша жауапты тұлғалары: №214 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасы кеңесші-елші Ахметов Ербол Абанұлы, байланыс телефоны 69-21-02. №214 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасының орынбасары консул Әбішев Ерлан Тілемісұлы, байланыс телефоны 69-20-95.