ҚР ҚК әскери қызметшілері бес мемлекеттің бөлімшелерімен бірлесіп арнайы операцияларды даярлауға кірісті (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәжістан Республикасының аумағында 16-18 мамыр күндері ҰҚШҰ Жедел іс-қимыл ұжымдық күштерінің жауынгерлік тұрғыда жинақталуы және оларды бірлескен арнайы операциялар бойынша даярлыққа келтіру аяқталды.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, Жедел іс-қимыл ұжымдық күштерінің қазақстандық контингенті дабыл бойынша қауырт жиналып, тәжік-ауған шекарасына жөнелтілді.

ҰҚШҰ штабы әзірлеген қауырт тексеру даярлығы бойынша Ауғанстан аумағындағы шекаралық жағдай шиеленісіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Жедел іс-қимыл ұжымдық күштерін өрістету туралы шешім қабылдады.

Қазақстан Қарулы Күштерінің шабуылдаушы десантшылар бөлімшесі және арнайы мақсаттағы топтар бес мемлекеттің (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан) контигентімен бірлесіп арнайы операцияларға даярлыққа кірісіп кетті.

Қазақстанның ӘҚК барлау-іздестіру іс-қимылындағы десантшылар және арнайы мақсаттағы сарбаздар Су-27 ұшағымен әуеде барлау, соққы беру мәселелерін пысықтады. Осыған байланысты біздің ұшақтар ұшуларды орындап, кейін қайтарда басқа мемлекеттердің аэродромдарына қонбай, Қазақстандық аэродромға орналасты.

Қауырт тексеру барысын Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының басшылығы бақылайды. Атап айтқанда, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-лейтенант Александр Студеникин қазақстандық әскери қызметшілердің жоғарғы деңгейде ұйымдасқанын атап өтті.

«Жеке құрам тапсырманы толық орындады. «Харбмайдон» полигонында басшылық құрылды. Қолбасшының жетекшілігімен жеке құрам практикалық жұмысқа кірісті. Қазақстан Республикасының атынан келген әскери контигенттің жеке құрамы өз міндеттерін үздік орындады. Барлығы полигонға келіп, басшылық бекіткен міндеттерді шешуге кірісті», - деп атап өтті генерал-лейтенант Александр Студеникин.

2015 жылғы 18 мамыр күні Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон операция жоспарын бекітті. Жоспар бойынша 19 мамыр күні әскерлер Тәжіктің Қорған-Төбе қаласының маңында орналасқан «Харбмайдон» полигонында қарсыласты жоюға кіріседі.