ҚР ҚК Бас штабының бастығы қытайлық әріптесімен екіжақты ынтымақтастық, ШЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

Фото: None
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы Күштердің Бас штаб бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың Қытай Халық Республикасына үш күндік ресми сапары аяқталды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытай министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарына сәйкес, сондай-ақ Қытай Халықтық азат ету армиясы Бас штабының бастығы генерал-полковник Фан Фэнхояның шақыруы бойынша жүзеге асырылды.

Сапар барысында генерал С.Жасұзақов ҚХР Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары генерал-полковник Фань Чанлунмен, Шыңжаң және Чендус әскери округтерінің қолбасшыларымен кездесті.

Сондай-ақ, сапар шеңберінде Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Қытай Халықтық азат ету армиясының Ұлттық қорғаныс академиясында болып, саяси комиссар генерал-полковник Лю Ячжоумен кездесті, аталған оқу орнының тыңдаушыларына дәріс оқыды.

Ресми сапар қорытындысы бойынша Қытай Халық азат ету армиясы Бас штабының бастығы генерал-полковник Фан Фэнхоянмен болған кездесуде екіжақты ынтымақтастық, ШЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл, әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери білім және сержанттар құрамын даярлау мәселелері талқыланды.