ҚР ҚК Құрлықтағы әскерлер Әскери институтында түлектер жауынгерлік тумен қоштасты

None
АСТАНА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат - Қазақстанның байырғы әскери оқу орнында - Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлер Әскери институтында жауынгерлік тумен қоштасу салтанаты өтті. Бұл енді жас офицерлердің 38-інші түлегі, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Әскери институттың алаңына диплом алу үшін 261 түлек - мотоатқыштар, танкішілер, артиллерияшылар, инженерлер, десантшылар, автомобильшілер, тыл жауынгерлері, тәрбиешілер, бронды танк қару-жарақтары мамандары және техниктер - оқыту жүргізілетін барлық он бір мамандықтың түлектері сап түзеді. Олардың арасында Қырғыз Республикасының тоғыз өкілі бар.

Оқудағы жоғары көрсеткіштері, мемлекеттік емтихандардағы нәтижелері және институттың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін 18 курсант үздік дипломға ие болды, ал олардың 5-еуі «Құрмет тақтасына» жазылып, «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Жауынгерлік тумен қоштасу құқығына оқу үздігі Ернұр Сейфоллин ие болды. Бұл әскери рәсімді жас офицерлер жыл сайын оқу бітірген күні атқарады. Сөйтіп, даңқты істер эстафетасы, әскери дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда.

Ернұр және оның тағы екі жолдасы, курсанттар Жалын Құрмашев және Алексей Копийка үшеуі ел Президентінің қолынан лейтенант погондарын алған болатын.

Құрлықтағы әскерлердің Әскери институты 1970 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі Төралқасының қаулысымен И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училище ретінде құрылған болатын.

1997 жылы ақпанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясына айналды. Бес жылдан кейін Алматы жоғары әскери училищесі оның құрамынан бөлініп шықты да, бір жылдан кейін Құрлықтағы әскерлер Әскери институты атанды.

Институт Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мүше-мемлекеттерінің қарулы күштері үшін бірлескен әскери кадрлар даярлайтын оқу орындарының тізіміне енгізілген. Жоғары оқу орнында Қырғыз Республикасының және Тәжікстан Республикасының әскери қызметшілері білім алуда.