ҚР ҚМ Зейнетақымен қамсыздандыру орталығы зейнетақы алуға құқылы әскери қызметшілер туралы хабарлады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы күштік құрылымдарының қызметкерлерін 2016 жылы толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшіреді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстанның зейнетақы заңнамасындағы өзгерістердің қазіргі әскери қызметшілерге, толық емес көлемде зейнетақы алып жүргендер мен 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін қызметке алғаш рет орналасқандар және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетақы алуға құқылы жұмыстан босатылғандарға қатысы бар.
ҚР ҚМ Зейнетақымен қамсыздандыру орталығы өз тарапынан әскери қызметте шекті жасқа жету, денсаулық жағдайы немесе ұйымдық-штаттық іс-шаралар бойынша зейнетке шыққан кезде еңбек өтілі 25 жылдан астам немесе жалпы еңбек өтілі 25 жыл және одан да көп, оның ішінде 12 жыл 6 айы үздіксіз әскери қызметі бар әскери қызметшілер ғана зейнетақы алуға құқылы екенін ескертеді. Басқа жағдайда әскери қызметші еңбек өтілі үшін зейнетақы ала алмайды. Алайда, мәселен, егер әскери қызметші ҚР ҚК-нен әскери қызметте болудың шекті жасына дейін босатылып, 25 жылдан аса еңбек өтілі болып, оның ішінде үздіксіз әскери қызметі 12 жарым жыл болса, онда ол зейнетақы алуға құқылы.
Еңбек өтілі үшін зейнетақы алу құқығынсыз ҚР Қарулы Күштерінен босатылу кезінде бұрынғы әскери қызметші заңға сәйкес жалпы негіздемеде азаматтық тұлға ретінде шекті жасқа жетуі бойынша зейнетақы ресімдей алатынын айта кеткен жөн.
Қызмет өткеру кезінде әскери қызметшінің жинақтаған зейнетақы жарналарына қатысты ҚР ҚМ Зейнетақымен қамсыздандыру орталығында зейнетақы тағайындалмаған адамға заңнамамен белгіленген зейнеткерлік жасқа жету кезінде осы қаржыны адам өз шотынан алуға құқылы деп түсіндірді.