ҚР Көлік министрлігі аэротакси мен қалалық әуе мобильділігі бойынша заңнамаға түзетулер әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM - Alatau City-де ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас атқарушы директоры Майкл Дэниелдің, сондай-ақ «Alatau Advance Air Group Ltd» (AAAG) және «AutoFlight» компаниялары өкілдерінің қатысуымен eVTOL аэротаксиінің техникалық сынақ ұшулары өткізілді.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аэротакси электрлі қозғалтқыштармен жұмыс істейтін инновациялық әрі экологиялық таза әуе көлігі түрі болып табылады. Әуе кемесі сағатына 200 шақырымға дейін максималды жылдамдықты дамытуға және 200 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұшуды орындауға қабілетті, бұл қалалық және өңірлік әуе мобильділігі міндеттерін тиімді шешуді қамтамасыз етеді.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Көлік министрлігі аталған көлік түрін енгізуге қатысушы компаниялармен бірлесіп, бір жыл бойы қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізді. Осы қызмет шеңберінде аэротаксиді пайдалану және заманауи әуе мобильділігін дамыту мәселелерін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді.

Қазіргі уақытта дайындалған өзгерістер келісуден өтіп, талқылау кезеңінде, ал оларды қабылдау және Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізу жақын арада жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, мамандандырылған инфрақұрылымды құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вертипорттардың тұжырымдамасы мен дизайнын әлемнің түрлі елдерінде ұқсас нысандарды жобалау тәжірибесі бар халықаралық итальяндық компания әзірлеу үстінде.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

 

2028 жылға дейін барлығы алты вертипорт салу жоспарланған, олар қауіпсіздік, көліктік қолжетімділік және қолданыстағы инфрақұрылыммен интеграциялану талаптарын ескере отырып, стратегиялық маңызы бар қалалық және көліктік тораптарда орналастырылатын болады.

Осыған дейін Алатау қаласында аэротакси ұша бастағаны туралы жаздық.