ҚР Конституциясының қабылдануы тәуелсіз мемлекеттің мақсатты дамуының жаңа сатысына көшуін білдірді - Қ.Қасаболатов

None
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Беларустың шет елдермен мәдени байланыс және достық қоғамдастығында Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған музыкалық кеш болып өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Беларус Респубикасындағы елшілігінің баспасөз қызметі.

Кешті аша отырып Беларустағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Қадыр Қасаболатов 1995 жылғы тамыздың 30-ы күні қабылданған Конституция тәуелсіз мемлекеттің мақсатты дамуының жаңа сатысына көшуін білдірген ел өміріндегі маңызды оқиға болғанын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылы болған Конституциялық реформа Қазақстанның демократиялық дамуы мен саяси жетілуінің жаңа сатысы болғандығын атап өтті.

Кеш барысында беларус композиторларының белгілі әндері шырқалды. Атап айтар болсақ, Беларус мемлекеттік филармониясының әншісі, халықаралық байқаулардың жүлдегері Светлана Стародетко «Па над белым пухам вiшня» және «Цемнавокая панi» әндерін орындады. Ал жас әншілер Виктория Смирнова мен Екатерина Мележко цимбалада беларус ұлттық нақыштарын тамылжыта ойнады.

Сонымен қатар қазақтың әндері, өлеңдері мен билері де орындалды. Қазақ диаспорасының өкілі Ескендір Евменчиков саксафонда «Көзімнің қарасы» әуенін орындаса, «Қарлығаш» би ұжымы «Қамажай» биін биледі, ал Нұрсұлтан Тұңғышбаев «Мен қазақпын» өлеңін оқып берді.

Жиналғандар үшін белгілі француз әншісі Поль Капоның француз композиторларының танымал әндерін орындауы күтпеген оқиға болды.

Іс-шараға шығармашылық атқамінерлер, Парламент, мемлекеттік органдар, Беларус бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, Беларусьтегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері, Минскіде тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдері, осы қалада білім алып жүрген қазақстандық студенттер мен соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.