ҚР қорғаныс кәсіпорындары өндірістік процестерді толықтай цифрландырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызу жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ және оның еншілес кәсіпорындары өндірістік процестерді толықтай цифрландырады», - деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Кейбір кәсіпорындарда қазірдің өзінде өндіріс ісі цифрлық форматқа көшкен. Бұдан бөлек, елдегі түрлі салаларды цифрландыруға қажетті қондырғылар шығарылып жатыр.

Атап айтқанда, «Орал «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамында қағаз құжаттамалардан арылуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған плазмалық және газ-плазмалық кесу кешені сатып алынды, шығарылып жатқан өнімдерді автоматты жоспарлау мен мониторинг жасау жүйесі енгізілді.

«С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ-да жеке есептеу аспаптарынан деректерді жинап, өңдейтін цифрлық жүйеге арналған қондырғыларды шығару, «Қызылжар су» ЖШС диспетчерлік жүйесін құру, т.б. жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС-де ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бөлімі құрылды. «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС-де өндірістің конструкторлық-техникалық дайындығын автоматтандыру басталды.

«Осының арқасында кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі артып, өндірістік ресурстарды пайдалануды жоспарлау жақсарды», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.