ҚР Қорғаныс министрі құрғақтағы әскерлердің батальондық тактикалық оқу-жаттығуының барысын бақылады

АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат - ҰҚШҰ аясында құрылған «Өзара іс-қимыл - 2009» Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштері (ШӘҰК) ірі ауқымды оқу-жаттығуларын өткізу қарсаңында бүгін Қарағанды облысы Спасскідегі Оқу-жаттығу орталығында ҚР Қарулы Күштері Құрғақтағы әскерлері Бас қолбасшылығы басқармасы өткізген батальондық тактикалық оқу-жаттығуы болды. Оқу-жаттығудың барысын ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бақылады,

деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Таңертеңнен бастап жаяу әскер дабыл бойынша көтерілді, көзделген аумақта тұрақты орнатылған пункттен толық әскери жарақтармен жарақталған жауынгерлер 40 шақырымдық шеру жасады. Батальондық тактикалық оқу-жаттығуына 500-ден астам әскерилер тартылды, 100 бірлік  бронды танкілер мен автомобиль техникалары қатыстырылды. Оқу-жаттығу шарты бойынша әскери қызметшілер қарақшылар құрылымдарын жойды және босатылған аумаққа қарулы бақылауды жүзеге асырды.

Жоғары жауынгерлік даярлық - әскерлердің жай-күйінің басты сапалық көрсеткіші болмақ.