ҚР Қорғаныс министрінің Кубогі үшін дзюдодан екінші ашық турнир мәреге жетті

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия Орталық спорт клубының (АОСК) Оқу-жаттығу орталығында ҚР Қорғаныс министрінің Кубогі үшін дзюдодан Екінші ашық турнир мәреге жетті.

Ашық турнир Әскери-спорт клубтары федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Жарысқа Қазақстан Республикасының 4 облысынан, ҚР Қарулы Күштерінің құрама командасы, АОСК дзюдошылары, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Республикаларының командалары қатысты.

ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыс қорытындысы бойынша Армия Орталық спорт клубының ерлер мен әйелдер командалары алты алтын, екі күміс, бес қола медальді қоржынға салды. Алған медальдардың саны бойынша армияшыл балуандар жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді.

Әсіресе, АОСК-нің келісімшарт қызметі бойынша кіші сержанты Талғат Әміренов 90 келі салмақ дәрежесі бойынша, ал АОСК-нің мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Ілияс Измагилов 66 келі орташа салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынды.

Командалар мен командалар арасындағы сайыс бойынша орындар былайша белгіленді: әйелдер арасында бірінші екі орын АОСК-ға, үшінші орын Шығыс Қазақстан облысына бұйырды. Ал ерлер командалары арасындағы күш сынасуда Шығыс Қазақстан облысы - бірінші, АОСК - екінші, Алматы облысы үшінші орынды місе тұтты.