Кеңейтілген кеңеске Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылық құрамы және Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастықтары мен олардың орынбасарлары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде күзгі әскерге шақыру науқанына қатысты мәселелер талқыланып, ағымдағы жылғы тамыз айында өткізілген жұмылдыру жиындарының қортындысы шығарылды.
- Әскерге шақырылушыларды сапалы іріктеп, оларды Қарулы Күштердің қатарына шақыру Қазақстан армиясының жауынгерлік дайындық деңгейін қамтамасыз етеді, - деп атап өтті Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. - Шақыру және медициналық комиссияларының жұмыстарының жақсаруы әскерге шақырылушылардың әскери бөлімдерден қайтып келу санын айтарлықтай төмендетті.
Бүгінде әскерлердегі жас жауынгерлер контингенті жаман емес. Сапалық құрамы айтарлықтай өзгерді. Сондай-ақ, шақырылушылардың білім деңгейі де артып отыр. Ағымдағы жылы азаматтарды әскерге шақыру көрсеткіші бойынша жоғары және арнаулы орта білімі бар жастардың саны жалпы шақырылушылардың үлкен пайызын құрады. Сонымен қатар, әскери-техникалық мектептерде оқыған жастардың саны да жыл сайын артып келеді.
Қорғаныс министрі биылғы жылы Қазақстан тарихында шақыру мәселелерін пысықтаған шынайы үшкүндік жұмылдыру жиындары өткізілгенін және бұл іс-шараның өз көздеген мақсатына жеткенін атап өтті.
Шара соңында Қарулы Күштерді жас шақырылушылармен жасақтау қызметін орындау бойынша жұмыстарды одан әрі жетілдірудің тың жолдарын іздестіруді жалғастыра беру қажеттігі айтылды.