ҚР Қарулы күштерінің Аэроұтқыр әскерлері, Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдерінде әскерге шақырылушылар салтанатты түрде Отанға адал болуға, егемен мемлекетіміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант берді.
Еске сала кетейік, биыл 16 мыңнан астам ҚР азаматтары мерзімді әскер қатарына шақырылды.
ҚР ҚМ әскери бөлімдері қатарын 8 мыңға жуық көктемгі жаңа шақырылушылар легі толтырды. Ал қалғандары ҚР Республикалық ұланы, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерінде әскери қызметтерін атқарады.
«Барлығы 8 мыңға жуық бозбала әскери ант қабылдады. Ант қабылдағаннан кейін әрбір Отан қорғаушы өзінің мойнына биік міндеттерді алады. Сол міндеттерінің орындалуы - әскери қызметтің мәнін құрайды»,- делінген аталған мәліметтерде.