ҚР қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде колонияларға есірткілердің түсу арналарының жолын кесу жұмыстары күшейтілді

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде (ҚАЖ) колонияларға ауыр есірткілік заттардың түсу арналарының жолын кесу жұмыстары күшейтілді,

деп хабарлады ҚР ӘМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.

Ағымдағы аптаның өзінде ғана ҚАЖ қызметкерлері есірткілерді өткізудің бірнеше фактісін анықтады. Мысалға, ЕЦ-166/5 (Ақмола облысы, Аршалы кенті, ерекше режім) мекемесінде сотталушыға азық-түлікпен бірге есірткіні беріп жібермек болған Қызылорда облысының тұрғыны ұсталды. Жалпы салмағы 27 грамм героин екі түбі бар сарымайдың темір банкілерінен табылды.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы жалпы режімдегі абақтының қабылдау-беру бөлмесінде осыған ұқсас екі әрекеттің жолы кесілді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 15 грамм.

Анықталған фактілер бойынша тергеуалды жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында колонияларға есірткі затын өткізу әрекеттері үшін, азаматтық тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 259-шы бабы бойынша 17 іс қозғалды.