Конкурсқа кәсіби суретшілер бір немесе бірнеше аталым бойынша қатыса алады. Автор әр аталымға бір ғана шығармасын ұсынады. Конкурсқа қатысушылардың жас шамасына шек қойылмайды.
Қатысушылар конкурстың бірінші турында 2011 жылдың 20 қыркүйегіне дейін байқауға қатысу туралы өтінішті, төлқұжат немесе жеке куәлігінің көшірмесін және конкурсқа ұсынатын шығармаларының электронды JPEG форматындағы суреттерін ұйымдастырушы комитеттің электронды адресіне (ruxdk@mail.ru ) жіберуі тиіс. Бірінші турдан өткен шығармалардың түпнұсқалары қазан айына дейін ҚР Суретшілер одағының көрме залына тапсырылады.
Үздік деп танылған жұмыстар Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығындағы көрмеге қойылады және Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының қорына сақтауға алынады.
Түрлі аталымдар бойынша жеңімпаз атанған шығармалардың авторлары ақшалай сыйлықтарға, дипломдарға ие болмақ.
Конкурс туралы толық ақпарат пен турлардың қорытындысы туралы хабарлар Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің (www.mki.gov.kz ) және «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ (www.ruhdk.kz ) ресми сайттарында жарияланады.