ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс театрында болды
13:11, 28 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыдағы М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жұмысымен танысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. 75 жылдық тарихы бар театрда өткен жылы 3 жылдық күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. Ғимаратты толық аралап көрген министр жөндеу жұмыстарының сәтті жүргізілгенін атап көрсетті. «Бұл театр пайдалануға берілген 1967 жылдан бастап жөндеу көрмеген. Соңғы 3 жылда Елбасының тапсыруымен күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Қазір мүлдем жаңа театрды көріп отырмыз. Бұл Елбасының мәдениетке, ұлттар татулығына деген үлкен қамқорлығының арқасында жүзеге асып отыр. Басқа ТМД елдерінде бірде-бір орыс театрлары бұндай қамқорлықты сезініп отырған жоқ», деді М.Құл-Мұхаммед. Ол сондай-ақ актерлердің спектакльге дайындық жұмыстарымен, театрдың репертуарымен танысып, биылғы репертуарға Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтматовтың «Көктөбедегі кездесу» спектаклін қосуды тапсырды. Былтырғы жылы театр актерлерінің үлкен жетістіктерге жеткенін атап өткен министр жаңа ғимаратта шоқтығы биік жаңа туындылар сахналатынына сенім білдірді.