ҚР Мәжіліс төрағасы германиялық әріптестерімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Бундестаг депутаты, парламенттік топ төрағасы Манфред Грунд бастаған делегация өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әріптестерін Германияның жаңа Президенті Штайнмайер мырзаның сайлануымен құттықтаған Мәжіліс төрағасы оның жаңа қызметте қазақстандық-германдық қатынасты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Нығматулин Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды сыртқы саяси және экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде барлық салада өзара қарым-қатынас айтарлықтай жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы Берлинге ресми сапары қазақстандық-германиялық байланысты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді.

Өткен жылы қос мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 1.7 млрд АҚШ долларын құрады, бүгінгі күні елімізде 700-ден астам германиялық кәсіпорындар табысты жұмыс атқарып келеді. Мәжіліс Спикері делегация өкілдерін ағылшындық құқық жүйесіне негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту үшін қарқынды жұмыс атқарылып жатқандығынан хабардар етті.

Мәжіліс төрағасы 2015 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып Еуропалық Одақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын айта келіп, құжаттың Бундестаг тарапынан тезірек ратификациялануына сенім білдірді.

 

Мәжіліс төрағасы меймандарды елімізде жүргізіліген конституциялық реформа төңірегінде толыққанды хабардар етті. Өз кезегінде Манфред Грунд экономикалық құрылым және әлеуметтік жүйе орната отырып, демократиялық жолмен өркендеу Қазақстанның өзгеге ұқсамайтын ерекше даму жолы екенін және оның жылдан жылға табысты жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

Одан әрі тараптар парламентаралық байланысты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.