Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылай келіп, қарым-қатынастың нығаюы, екі ел басшыларының сапарлары мен өзара кездесулерге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру қазақстандық-түркімендік өзара іс-қимылды жаңа сапалық деңгейге көтеретіндігі айтылды.
А. Нұрбердыева басқа мемлекеттер ісіне араласпайтын, бейбітшілікті сүюге негізделген бейтараптықтың түркімендік моделі жайында әңгіме қозғады.
Қ. Жақыпов Түркіменстанның әлемде ядролық қару таратпау ұстанымына беріктігін алға тартып, аталған елді осы жылдың қыркүйек айында МАГАТЭ ұйымына мүше болуымен құттықтады.
Кездесу иелері, екі мемлекеттің көліктік-транзиттік әлеуетіне назар аудара келіп, сауда-экономикалық ықпалдастық тақырыптарын да қозғады. Парламент өкілдерінің айтуынша, экономикалық байланысты жүйелі дамыту жолында «Казақстан - Түркіменстан - Иран» теміржолы магистралінің өзіндік орны бар. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік жолы, «Түркіменстан - Ауғанстан - Пәкістан - Үндістан» сынды ауқымды жобалардың маңыздылығы зор.
Қ. Жақыпов пен А. Нұрбердыева екі ел парламенттерінің заңнамалық жұмысы бағытындағы тәжірибелерін сөз ете келіп, парламентаралық қатынасты одан әрі дамыту жайына көңіл бөлді. Осы ретте Мәжіліс төрағасы түркімендік әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.