ҚР Мәжілісі журналистерге арналған аккредиттеу қағидасын бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс Бюросының отырысында Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан басымдықтар талқыланды, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі.

 Депутаттар назарын Парламент Палатасының қызметін қоғам үшін барынша ашық ету  қажеттігі туралы  Мемлекет басшысының міндетіне аударған Н. Нығматуллин заңның жаңалықтарын талқылау ашықтығы қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Мәжіліс спикері әріптестерін парламенттік журналистер үшін жұмыс топтары мен комитеттер отырыстарын барынша қолжетімді етуге шақырды.

Жұмыс тәртібі мен БАҚ өкілдерін аккредиттеу екінші сессия ашылғаннан кейін бірден Мәжіліс Бюросы бектіткен қағидаларда айқындалды.

Бюрода қаралған Мәжілістің алдағы пленарлық отырысы күн тәртібінің жобасы да ел Преидентінің жаңа міндеттерін ескеріп, қалыптастырылды.

Халық қалаулылары назарына «1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылау ұсынылады.

Сонымен қатар, тағы да бірқатар ратификациялық құжаттарды жұмысқа қабылдау көзделген. Олар: Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру, Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы келісімдерді, Қазақстан мен Ресей арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде екі елдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты болмақ.
 Сондай-ақ, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл және де жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалмақ.