ҚР Мемқызмет істер агенттігінің бос жұмыс орындарына 7 адам қабылданды, тағы осыншасы резервке алынды

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат -  4-8 қыркүйек күндері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде әкімшілік мемлекеттік 7 бос лауазым үшін конкурстық іріктеу өтті.

Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Байқау барысын  16 қоғам өкілі, оның ішінде ҚР Парламентінің депутаттары мен журналистер бақылады.

Байқауға Астана, Алматы қалаларынан және республиканың 12 облысынан 161 адам қатысты. Бір бос лауазымға орташа алғанда 40 адамнан, кейбір орындарға 66 адамнан келді. Олардың денінің (69 %)  заңгерлік және экономикалық білімі бар. Үміткерлердің 34 пайызы 28 жасқа дейінгі жастар. Қатысушылардың үштен екісі - ер азаматтар.

Қатысушылардың 22 пайызы  - мемлекеттік қызметкерлер. Олардың үштен бір бөлігінің 10 жылдан 20 жылға дейінгі еңбек өтілі бар, ал олардың шамамен 30 пайызы мемлекеттік қызмет саласында 10 жылға дейін еңбек еткен.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделінің Тұжырымдамасына сәйкес, Агенттік заңнаманы, оның ішінде конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру мәселелерін қамтитын заңдарды жетілдіру бойынша да жұмыстарды атқаруда. Осыған орай Агенттік жұмысты өзінен бастап, конкурс кезіндегі жаңа тәсілдерді алдымен сынап көруде.

ҚР Парламент депутаттары, қоғам және БАҚ өкілдеріне конкурстық іріктеудің қорытынды кезеңі - әңгімелесуге бақылаушы ретінде қатысу мүмкіндігі берілді. Олар мемлекеттік қызметкерлерді іріктеудің осындай тәсілін оң бағалай отырып, осындай тәжірибені басқа мемлекеттік органдарға енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.