Делегаттар Бірінші Арал халықаралық форумына қатысып, «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінде және Жосалы кентіндегі «Жыраулар» үйінде, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
«Қорқыт Ата» атындағы мемориалдық кешен мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында туристер келетін нысандардың тізіміне енген. Мәртебелі меймандар кешеннің зиярат ету орталығы мен мұражайын аралап көрді.
Қармақшы - әйгілі жыршы, жырауларымен даңқы шыққан аудан. Гүлшара Әбдіқалықова мен Дархан Мыңбай аймақтағы дәстүрлі өнер тарихымен танысып, жас жыраулардың өнерін тамашалады. Содан соң құрметті қонақтар алдында атақты жыраулар - Бидас Рүстембеков пен Алмас Алматов өнер керсетті. ҚР Мемлекеттік хатшысы жергілікті өнерпаздардың өнерін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы және ұлттық мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.