ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Халықаралық конференция аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында тамыздың 29-ы - Ядролық сынақтарға қарсы әрекет халықаралық күніне арналған Халықаралық конференция шеңберінде ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев форумға қатысушылармен бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Шығыс Еуропа, Балтық және ТМД елдері бойынша БҰҰ Даму Бағдарламасының Аймақтық директоры Кори Удовичкимен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы Семей аймағын дамытуға қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы байланыстарын атап өтті. Удовички атап өткендей, Қазақстан БҰҰ-ның мыңжылдық даму мақсаттары табысты жүзеге асып жатқан үлгілі мемлекет екендігін және оның Ұйымның арнайы есебінде көрсетілетінін тілге тиек етті.

Орталық Азиядағы алдын ала дипломатияға қатысты БҰҰ Орталығының аймақтық басшысы Мирослав Енча қазақстандық тарапқа аталмыш іс-шараға шақырғанына алғыс айта келе, аталмыш форумның өткізілуінің маңыздылығын атап өтті. Ол БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Ядролық сынақтарға қарсы әрекет халықаралық күніне орай ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына жолдаған жылы шырайлы құттықтауын жеткізді.

Тараптар сонымен қатар Қырғызстандағы жағдайды да қарастырып, осы елге көмек көрсету үшін күштерді жан-жақты біріктірудің қажеттілігін айта келе, тек Қырғыз Республикасы ғана емес, сонымен қатар жалпы Орталық Азия аймақтарының тұрақтылығы мен экономикалық сәттілігі аса маңызға ие болып отырғанын да айта кетті.

МАГАТЭ Бас директорының орынбасары Вернер Буркартпен кездесу барысында аталмыш агенттік біздің елімізде жүзеге асырып жатқан бірқатар жобалар әңгіме өзегіне айналды. Осы орайда, В.Буркарт тығыз әрі жемісті байланыстарға қарамастан, Қазақстан мен Агенттік арасындағы қарым-қатынастар болашақ дамуға да жақсы алғышарттарға ие екендігін атап өтті. «Сіздің ел, ядролық қарудан бас тартып, қазіргі күні бейбіт атомды өндіріп жатқандығымен өзге мемлекеттер үшін жақсы үлгі болып отырсыздар, сондықтан да басқа да мемлекеттер Қазақстаннан үлгі алар болса, МАГАТЭ істейтін жұмыс қалмайтын еді», - деп атап өті кездесу соңында В.Буркарт.