ҚР Мұсылмандары діни басқармасы діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыра береді - Әбсаттар қажы

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Мұсылмандары діни басқармасы діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыра береді.

Бүгін елордадағы "Нұр Астана" орталық мешітінде әлем дағдарысы және ислам тағылымдары мәселесіне арналған уағыз барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Діни сенім бостандығы жөніндегі Парламент қабылдаған заңды ҚР Конституциялық кеңесі демократия қағидаттарына, халықаралық ұйым талаптарына сай келмейді деп қайтарыпты. Бірақ, біз тек осы ұстаныммен қатып қалмаймыз. Заңның кемшіл тұстарын, жетпеген жерін тағы да пысықтап, толықтыратын боламыз. Сөйтіп, түбі осы заңды қабылдатпай қоймаймыз. Алдағы уақытта осы үшін заңгерлермен, халықаралық құқық мамандарымен жұмыс істейтін боламыз. Діни басқармаға бірқатар беделді ғалымдар көмек көрсетіп, бұл мәселені әлі де жалғастыра береміз. Өйткені еліміздің діни қауіпсіздігі бізді бей-жай қалдырмайды. Сондықтан да, діни сенім бостандығына қатысты заң бәрібір қабылданатын болады», - деді Бас мүфти. Сондай-ақ сөз арасында Әбсаттар қажы жақын аралықта Астана қаласында тағы бір жаңа мешіттің бой көтеретінін жеткізді. Елордалық мұсылман қауымына арналған бұл мешіт 5 мың орындық болады деп жоспарлануда. Естеріңізге сала кетейік, жақында ҚР Конституциялық кеңесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді, деп қаулы еткен болатын.