ҚР музейлерінің 3 000-нан астам жәдігерін қалпына келтірген, «Халық қазынасының мұрагері» - Б.Әлібайдың жеке көрмесі Астана төрінде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 12 қараша күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде белгілі зергер, Халықаралық Карл Фаберже Орденнің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібайдың «Халық қазынасының мұрагері» атты жеке көрмесінің ашылу рәсімі өтеді. Көрме 15 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлады Музейдің баспасөз қызметінен.

Зергерлік өнер атадан мұра болып қалған, балалық шағынан халықтың өнерімен сусындаған Берік Әлібай 1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Қызыл сай ауылында дүниеге келген. Н.В Гоголь атындағы Алматы көркем өнер училищесін және Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясын бітірді. 1989 жылдан бастап көптеген республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелер мен Қазақстанның шет мемлекеттердегі өткізілген мәдениет күндерінің белсенді қатысушысы. Оның шығармашылығының бірегей үлгілері ҚХР-да, Сауд Арабиясында, Жапонияда, Иранда, Ресейде, Катарда, Түркияда, Германияда, Испанияда, Оман Сұлтанатында, Англия сияқты мемлекеттерде көрмелерге қойылды. Берік Әлібай Қазақстан дизайнерлері Одағы және Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, «ҚР Мәдениет қайраткері», ҚР Президенті степендиясының иегері, «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша «Астана - Бәйтерек 2005» конкурсының лауреаты, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталды. 2013 жылы Санкт-Петербург қаласында Карл Фаберже халықаралық мемориалдық қорының «Еңбегі сіңген зергер» гауһар тасты Орденімен және 2014 жылы «Мұсылман әлемінің құрметті зергері» ордендік белгісімен марапатталған. Шебер қазақ халқының мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Оның қолынан Қазақстан музейлерінің 3 000-нан астам жәдігерлері қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарынан өтті. Оның авторлық жұмыстары «Тәуелсіздік Сарайындағы» этнография және қолданбалы өнер Галереясында, ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейі мен ҚР Ұлттық Музейі қорларында сондай-ақ жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтаулы. Қазіргі уақытта Берік Әлібай ҚР Ұлттық музейінде Консервациялау және қалпына келтіру орталығының Металл, ағаш, тері және сүйек бұйымдарын реставрациялау бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқарады. Берік Әлібайдың авторлық зергерлік жұмыстары екі көрме залдарына орналасты. Онда қазақ батырларының қару-жарақтарын, сондай-ақ дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандардың билік нышаны болып табылатын асатаяқтарды көруге болады. Қазақ қыздарының әшекей бұйымдары: қос білезіктер, сырғалар, бойтұмарлар, өңіржиектер, жүзіктер келген қонақтарды бей-жай қалдырмайды. Экспозицияда көрсетілген бұйымдардың барлығы көбінесе маржан, малахит, лағыл, ақық сынды асыл тастармен безендірілген, делінген хабарламада.