Оның барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың перспективалары, парламентаризмді дамыту мәселелері бойынша ісбірлікті нығайту, саяси деңгейде екіжақты қатынастарды жандандыру және екіжақты қатынастардың басқа да аспектілері туралы мәселелерді талқылады.
Парламентаралық ынтымақтастық мәселесінде, тараптар Қазақстан мен Чехия парламентариялары арасындағы байланыстарды жандандыру мүмкіндіктеріне тоқталды. М.Штех екі елдің заң шығарушылық органдары арасындағы ынтымақтастықтың даму барысына оң бағасын бере отырып, жүзеге асырылып отырған парламентаралық байланыстардың жоғары деңгейде екендігін атап өтті. Ол Қазақстанның Чех Республикасы үшін ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатындығын мәлімдеді. Оның пікірінше, Чех Республикасы Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларында әріптестік қарым-қатынастарды тереңдетуге қызығушылығын білдіреді.
Чех Парламенті Сенатының төрағасы, сонымен қатар, чех парламентшілері белсенді түрде қатысып келген Қазақстанның халықаралық бастамаларының жүзеге асырылу барысына зор көңіл бөліп отырғанын білдірді. Чех Республикасының парламенті Сенатының депутаттары және бірқатар чех үкіметтік емес ұйымдары өкілдері тамыз айының соңында Астанада өтетін ядролық қаруға қарсы конференция жұмысына қатыспақ.