ҚР омбудсмені Мемлекет басшысына адам құқықтары жағдайын жақсарту жөніндегі тұжырымдамалық ұсыныстарын берді

None
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мемлекет басшысына 2011 жылғы өз қызметі туралы есебін ұсынды.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аппараты баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл құжатта азаматтардан түскен шағымдарға, институционалдық мекемелерге және бұқаралық ақпарат құралдарына, сарапшылар қызметіне,  мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимыл мониторингісіне жасалған талдау негізінде жасалған 2011 жылғы Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және көтермелеу қызметіне жан-жақты шолу жасалған. Атап айтқанда, еңбек құқығын қамтамасыз ету, балалардың, мүгедектердің құқықтарын қорғау, азаптау және басқа да зомбылықтардың ауыр түрлері, мемлекеттік қызмет көрсету саласында адам құқықтарын бұзу мәселелері егжей-тегжейлі баяндалған.

Фактілерді көрсетумен шектеліп қалмай, Уәкіл Президент назарына Қазақстандағы адам құқықтары жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын, сондай-ақ өткен жылдағы адам құқықтары бұзылуы орын алған кемшіліктерді жою және оларды қорғаудың тетіктерін жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдарға берілген ұсынбаларды жеткізді.

Мемлекет басшысы омбудсменнің жұмысын мақұлдады және ол ұсынған есепті қарау және қажетті шаралар алу үшін Үкіметке жолдады.

Аталған құжат белгіленген тәртіппен Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстанда тіркелген  дипломатиялық корпустың мекен-жайына жіберіледі және Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің сайтына орналастырылады.