ҚР ОСК 9 шетелдік байқаушыны аккредиттеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында кезектен тыс ҚР Президенті сайлауына 9 шетелдік байқаушыны аккредиттеу туралы қаулы қабылданды.

«Сіздердің назарларыңызға 2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленген кезектен тыс ҚР Президенті сайлауына шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан байқаушыларды аккредиттеу туралы қаулы жобасы ұсынылып отыр. Канада, Литва, Финляндия және Чехия Республикаларынан бір-бірден, сонымен қатар ТМД байқаушылар миссиясы өкілдерін аккредиттеуді ұсынамын. Олардың қатарында 5 байқаушы бар. Миссия құрамында біздің әріптесіміз, Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Ермошина Лидия Михайловна да бар екендігін атап өткім келеді. Жалпы, бүгін біз 9 байқаушыны аккредиттейміз», - деді қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы аталған қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады.