ҚР ОСК Б.Естемесовті президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Бақтияр Естемесовті ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы жобасы қаралды.

«Бақтияр Өксікбайұлы Естемесов тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы. 1972 жылы туған. 12 наурыздағы ҚР Президенттігіне үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның 13-ші қорытындысының негізінде Бақтияр Өксікбайұлы Естемесов мемлекеттік тілді еркін меңгермеген. Осының негізінде Бақтияр Өксікбайұлы Естемесов ҚР Конституциясына және «Сайлау туралы» Заңының талаптарына сәйкес емес деп белгіленсін. Бақтияр Өксікбайұлы Естемесовті ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркеуден бас тартылсын деген ұсыныс енгіземін», - деді ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.

ҚР ОСК мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.