ҚР ОСК БАҚ-тардағы сайлау науқанына байланысты жүргізілген мониторинг нәтижесін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау науқаны барысында барлық кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында тең жағдай жасалып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Орталық сайлау комиссиясының тапсырысы бойынша жүргізілген мониторинг 53 республикалық баспа басылымын, 16 республикалық телеарнаны, 179 өңірлік баспа басылымын, 29 өңірлік телеарнаны, сондай-ақ 7 ақпарат агенттігі мен 117 неғұрлым танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсты қамтыған. Әлеуметтік желілерде мониторинг 200-ден астам қоғамдастық пен қоғамдық пікір жетекшілерінің 250 бетін, Youtube бейнепорталындағы 30 пайдаланушы арналарды, Twitter-дегі өзекті хештегтер таспасындағы жаңартуларды қамтып отыр.

26 наурыздан 16 сәуірге дейінгі кезеңде республикалық және өңірлік БАҚ-тарда сайлау тақырыбы жөнінде 15662 материал жарияланды. Кандидаттар мен олардың штабтарының сайлауалды белсенділігі дәрежесі әр түрлі екенін атап өткен жөн. Мысалы, үгіт басталғаннан кандидат Н.Назарбаевтың - 48, Ә.Құсайыновтың - 20, Т. Сыздықовтың штабы 18 ақпараттық кездесу өткізді. Кандидаттар Ә.Құсайынов пен Т.Сыздықовтың сайлауалды штабтарының жария ету үшін ақпараттық себептері екі есе кем болғанына қарамастан БАҚ-тарға олар кеңінен ұсынылған», - деді ол.

Л.Сүлейменнің атап өтуінше, республикалық баспа басылымдарында кандидат Ә.Құсайыновтың қызметі туралы материалдар -31, Н.Назарбаев туралы - 36 және Т.Сыздықов туралы 33 пайызды құрады. Ұқсас көрініс теле және радиоарналарда шыққан сюжеттерде де байқалады.

«Республикалық радиоарналарда Президенттікке кандидаттар туралы барлық материалдардың 32 пайызы кандидат Ә. Құсайыновтың, 36 пайызы Н.Назарбаевтың және 32 пайызы Т.Сыздықовтың қызметін көрсетті. Республикалық телеарналарда Ә.Құсайынов туралы сюжеттер бөлігі -34, Н. Назарбаев туралы 32 және Т.Сыздықов туралы 34 пайызды құрап отыр», - деді ОСК мүшесі.