«Орталық сайлау комиссиясының қалыптасуы Қазақстанның тәуелсіздікке ие болып, мемлекеттілігін нығайту тарихымен тікелей байланысты. Ширек ғасырлық кезеңде комиссия өзінің басты міндетін абыроймен атқарып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Демократия мың жылдық шаруа. Оны бір күнде аттап өтпейміз» дегендей ішкі тұрақтылық пен сарабдал сыртқы саясатты бағдар етіп, әлемге ашық дамудың жолын таңдап алған Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде негізгі демократиялық қағидаларды берік ұстанады», - деп атап өтеді Сенат спикері.
Сонымен қатар ол халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің Қазақстанда өткізілетін сайлауларға қызығушылық танытуы және шетелдік байқаушылардың оң бағалары еліміздегі сайлау жүйесі деңгейінің жоғары екендігін көрсететіндігін атап өтті.
«Бүгінгі келелі жиында сайлау жүйесін жетілдіру және осы маңызды саладағы халықаралық стандарттарды жақсарту бағытындағы салмақты пікір алмасу және сындарлы ұсыныстар айтылады деп кәміл сенеміз. ҚР Орталық сайлау комиссиясының қызметіне табыс тілеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оның орынбасары Бектас Бекназаров оқып берді.
Екі күнге созылатын шараға Әзербайжан, Ресей, Латвия, Литва, Тәжікстан, Грузия, Қырғызстан сынды елдердің Орталық сайлау комиссияларының төрағалары қатысуда. Конференция аясында ҚР Орталық саулау комиссиясы мен Әзербайжанның Орталық сайлау комиссиясы және Иорданияның Тәуелсіз сайлау комиссиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылмақ.
Осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды еліміздің сайлау жүйесінің 25 жылдығымен құттықтаған болатын.