ҚР ОСК Н.Назарбаевтың сыртқы үгіт материалдарының неліктен басымдыққа ие екендігін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Назарбаевтың сыртқы үгіт материалдарының неліктен басымдыққа ие екендігі белгілі болды. Оны бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Корнелия Виллемиен Анке Йонкер ханыммен кездесу барысында түсіндірді.

«Бір кандидаттың сыртқы үгіт материалдарының немесе билбордар мен плакаттарының айтарлықтай басым болуын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына арналған сайлау қорларындағы сомалардың әр түрлі қалыптастырылуымен түсіндіруге болады. Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау қоры басқа кандидаттарға қарағанда біршама көп. Сондықтан да оның билбордтарды және басқа да сыртқы үгіт материалдарын дайындауға қаржы салып, халыққа оны көптеп ұсынуға мүмкіншілігі зор», - деді Қ.Тұрғанқұлов.