ҚР ОСК сайлау науқанына қатысушыларды әдістемелік қамтамасыз етуге байланысты ең бірінші брифингін өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатысты ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлаушыларға арналған үндеуі 62 мыңнан астам данамен еліміздің барлық өңірлеріне таратылады. Бұл туралы бүгін ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.

«Орталық сайлау комиссиясының маңызды міндеттерінің бірі сайлау науқанына қатысушыларды құқықтық оқыту болып табылады. Оның ауқымында әдістемелік қамтамасыз етуге айрықша назар аударылады. Біз алғаш рет дәл осы мәселеге байланысты брифинг өткізіп отырмыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, алдағы сайлау науқанына орай Орталық сайлау комиссиясы 8 ақпараттық плакат, 14 әдістемелік жаднама, жинақтар және басқа да ақпараттық баспа өнімдерін әзірлеген.

«ҚР Орталық сайлау комиссиясының еліміздің барлық сайлаушыларына арналған үндеуіне де ерекше назар аудартқым келеді. 22 қаңтар күнгі ОСК отырысында үндеу мәтіні қабылданды. 62 мың данадан асатын үндеу плакаттары еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтіліп, адамдар көп жиналатын әуежайларда, вокзалдарда, көлік құралдарында, базарларда және басқа да жерлерде ілінетін болады», - деді Т.Охлопкова.

Оның айтуынша, сайлаушы тұрақты тіркелген жерінен тыс елді мекенде болса, онда 18 ақпаннан кешіктірмей, уақытша болатын жеріндегі әкімдікке сайлау күні өзінің дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Сонымен қатар сайлаушы өзінің елді мекенінен тысқары жерге кететін жағдайда, 4 наурыздан бастап 19 наурыз күнгі сағат 18:00-ге дейінгі кезеңде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесінен алып, кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бір елді мекеннің шегінде дауыс беру үшін есептен шығару куәліктері берілмейді.