ҚР ОСК сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынатын мемлекеттік қызметшілерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлеріне сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссия хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті.

«Еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес үгіт жұмысын жүргізуге мемлекеттік органдарға тыйым салынады. Лауазымды қызметте отырған азаматтар да өз қызметін пайдаланып, үгіт жүргізбеуі тиіс. Сонымен қатар әскери қызметшілерге, ҰҚК, сот, прокуратура, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне, ОСК мүшелеріне үгіт жұмыстарын жүргізуге болмайды», - деді Б.Мелдешев.

ҚР ОСК хатшысының сөзіне қарағанда, шет мемлекеттің азаматтарына да үгіт жұмыстарына араласуға тыйым салынған. Жалпы, үгіт-насихат жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, кандидаттың сенімді өкілдерінің халықпен кездесуі арқылы жүргізіледі.

«Бұл ретте, бұқаралық ақпарат құралдалдарына да үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Егер БАҚ өкілі үгіт жұмысын жүргізгісі келсе, онда жұмысынан уақытша кетуі қажет. Яғни, бір айға еңбек демалысына шығып, кандидаттың сенімді өкілі ретінде үгіт жүргізе алады», - деді ол.