ҚР ОСК тағы 133 байқаушыны аккредиттеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға халықаралық ұйымнан және шет мемлекеттен тағы 133 байқаушы аккредиттелді.

Сәйкесінше қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкованың атап өтуінше, құжатқа сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша бір халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен тағы 133 байқаушыны аккредиттейді.

«Олардың ішінде: 130 байқаушы - ТМД байқаушылары миссиясынан және 3 байқаушы - Корея Республикасынан», - деді ол.

Айта кетейік, 4 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком екі халықаралық ұйымның миссияларынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД), бір халықаралық ұйымнан (Ислам ынтымақтастығы ұйымы) және 9 шет мемлекеттен 308 байқаушыны аккредиттеді.

Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 2 наурыздағы жағдай бойынша 28 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 116 өкілін аккредиттеген болатын.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады.