ҚР ОСК тағы 207 байқаушыны аккредиттеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылданды.

«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан - 89, ТМД миссиянан - 8, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясынан - 14, Түркітілдес елдер ынтымақтастығының кеңесінен - 17 және шет мемлекеттерден - 79 байқаушыны аккредиттейді», - деді аталған қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова.

Айта кетерлігі, 2016 жылғы 14 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің барлығы 815 байқаушысын аккредиттеді. Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 286, ТМД миссиясының -301, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы миссиясының -9, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының -75, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының -14, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесінің -17, Ислам ынтымақтастығы ұйымының - 3, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының 8 және шет мемлекеттердің 102 байқаушысы бар. Мұнан бөлек, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 29 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 140 өкілін аккредиттеді.

Осылайша, қазіргі уақытта 955 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттеліп отыр.