ҚР Парламент Сенаты баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, күнтәртібіне сәйкес, депутаттар Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысын қарап, ратификациялады.
Талқылау нәтижесінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісім екінші кезекте қабылданды.
Отырыста сот жүйесін одан әрі реформалауға бағытталған заң жобалары қабылданды.
Олар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің күшін жойылды деп тану туралы» заң жобалары болатын.
Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Талқылау барысында туындаған депутаттардың көптеген сауалдарына еліміздің Жоғарғы Сотының төрағасы Б.Бекназаров жауап берді.
Отырыста қаралған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданды, ал қолданыстағы кейбір заңнамалық актілерге қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Отырыста сондай-ақ «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.
Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Палата қарауына ұсынылып, бірінші оқылымда мақұлданған жобалардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да бар.
Заң жобасының ережелері бойынша қаржы министрі Б.Жәмішев қажетті түсініктеме берді.
Отырыс соңында Қ.Мәми биылғы 15 қаңтардағы кезектен тыс парламент сайлауының нәтижелеріне назар аудара келіп, «қалыптасқан көппартиялы Парламент мемлекеттік органдар жүйесіндегі заң шығару органының рөлі мен орнын күшейте түседі», деді.
Қ.Мәми атап өткендей, «Сенат Мәжіліс болмаған кезде конституциялық ережелерге сәйкес, тұтастай Парламенттің заң шығару міндетін орындады».
«Сенат тоқтаусыз жұмыс істеді, екі айда 60-қа жуық заң қабылданып, Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді. Оның 95 пайызы Мәжіліс портфелінен алынған болатын»,-деді Қ.Мәми.