ҚР Парламенті Мәжілісінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ҚХА Кеңесінің бастамасы қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы қаралды.

Жиын барысында депутат Жұматай Әлиев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің үндеуін жариялаған болатын.

«Әлемдік дағдарыс пен күрделі халықаралық ахуал жағдайында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманы ілгерілету уақыт талабынан туындап отыр», - деді депутат Ж. Әлиев. Оның айтуынша, үндеуде қамтылғандай, Елбасына сенім мандатын ұсыну әлемдік экономикадағы тұрақсыздық кезеңін табысты еңсеру үшін, Қазақстан өзі таңдаған бағдарына ден қойып, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енуі үшін қажет. Бұл қазақстандықтарды Президент Н. Назарбаевтың айқындаған бағдарына топтастыруға, барлық күш-жігерді алдағы елдік мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік береді.

«Елбасына сенім білдіру мандаты әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, топтастыра түседі. Бүгінгі күні елімізде елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асыру үшін барлық ресурстарды біріктіру қажет. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасу еліміздің одан әрі қарышты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттырудың кепілдігі болып табылатындығына сенімдіміз», делінген Үндеуде.

Жиын барысында осы мәселеге қатысты сөз сөйлеген депутаттардың барлығы кезектен тыс президент сайлауын өткiзу туралы бастамаға қолдау білдірді.