ҚР парламенттік делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі отырысына қатысуда
Бұл туралы ҚР Прарламенті Сенатының баспасөз қызметінен хабарлады.
Бүгін Черногория басшылығының қатысуымен «Трансұлттық қауіп қатерлер және адам құқықтарын қорғау: ЕҚЫҰ-ның рөлі» тақырыбына арналған парламенттік конференцияның ашылуы өтті. Аталған форум шеңберінде ЕҚЫҰ-на қатысушы-елдердің парламентарийлері қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ серіктес елдер мен халықаралық ұйымдардың өзара әрекеттестігін талқылауда.
Аталған отырыстағы И.Адырбековтің баяндамасы аймақтық ынтымақтастық пен Ауғанстанның экономикалық қайта қалпына келу мәселелеріне арналды. Сенатор Орталық Азия аумағына және бүкіл ЕҚЫҰ үшін Ауғанстандағы жағдайды реттеудің, осы елдің тұрақты, бейбіт дамуын қамтамасыз етудің маңызыдылығы күннен күнге артып келе жатқандығын баса айтты. Ол өз әріптестеріне Қазақстанның осы бағытта әртүрлі форматта атқарып жатқан жұмастары туралы ақпарат беріп, БҰҰ-ның аймақтық өкілдігінің ашылуы жоспарланып отырған Алматы қаласының әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.
Қазақстандық делегация сонымен бірге Ассамблея қызметінің қазіргі жағдайы және сайлауды бақылау жөніндегі миссиялар жұмыстарының қорытындылары талқыланған Тұрақты комитет отырысына қатысты. Күзгі отырыс шеңберінде аймақтық тақырыптарға, оның ішінде Сирия мәселесіне арналған Жерорта теңіз форумы өткізілді.
Күзгі отырыс аясында Қазақстан Республикасының парламенттік делегациясы шілде айында тағайындалған ЕҚЫҰ ПА Төрағасы - Черногория Парламентінің Төрағасы Р.Кривокапичпен, сонымен қатар Франция, Түркия, Әзербайжан, Швеция, Швейцария және Германия делегация басшыларымен жұмыс кездесулер өткізіп, заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастық, оның ішінде ЕҚЫҰ ПА шеңберіндегі өзара ықпалдастық орнату мүмкіндігін талқылады.