ҚР Премьер-Министрі: 11 ай бойынша ЖІӨ өсімі - 7, 5 %

АСТАНА. 12 желтоқсан, ҚазАқпарат - «11 ай бойынша ЖІӨ өсімі - 7, 5 %», - деп жазды ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзінің Twitter-дегі бетінде.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 17 сәуірінде болған кеңейтілген жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет алдында 2011 жылы экономиканың 7 пайыздық өсуіне қол жеткізу міндетін қойған болатын. Алдымыздағы бес жыл ішінде Қазақстан жоғары деңгейлі табысы бар елдер қатарына кіруі тиіс. 2016 жылға қарай ЖІӨ-нің бір адамға шаққандағы деңгейі 15 мың АҚШ долларынан кем болмауы керек. Сол үшін экономика жыл сайын 7 %-дан кем емес қарқынмен өсуі қажет, деп хабарланған http://pm.kz . сайтында.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қорытындысы бойынша ЖІӨ 6,5%-ға жетті, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,1%-ды құрады, 2011 жылдың 9 айы бойынша - 7 %, 10 айы бойынша - 7,2 % болды. ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінің болжамы бойынша 2011 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 7% деңгейінде бағаланады, 2012 жылы - 6,9 %, 2013 жылы - 6,5 %, 2014 жылы - 7,1 %, 2015 жылы - 7,4 %, бұл орташа алғанда 2011-2015 жылдар бойынша әр жылда 7,4 %-дық өсім береді.