ҚР Премьер-Министрі 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасының мәтінін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды тапсырды

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен білім беру мәселелеріне арналған республикалық кеңес болды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық атқарушы органдардың басшылары, облыс әкімдерінің әлеуметтік саланы басқаратын орынбасарлары, облыстық білім басқармаларының бастықтары, мемлекеттік және жеке жоғары оқу орындарының, мекемелерінің және білім беру қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметі.

Кеңеске қатысушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жасаған 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасын егжей-тегжейлі қарады.

Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі. «Елді жаңғырту стратегиясын іске асы­ру­дың табыстылығы, ең алдымен, қазақ­стан­дықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байла­нысты», деп атап көрсетті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Мемлекеттік бағдарлама жобасын ұсына отырып, оның білім беру жүйесінің негізгі мақсаты - оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың орнықты өсімі мен азаматтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ететін адамдық капиталды дамыту үшін түбегейлі жаңарту екендігін атап өтті. Бідім беру саласын реформалау және жаңартудың негізгі бағыттары ретінде мыналар ұсынылады: қаржыландыруды жетілдіру (қаржыландырудың жан басына шаққандағы ұстанымын енгізумен), білім менеджментін жақсарту, педагогтің мәртебесін арттыру (мемлекеттік қолдауды күшейту және педагог қызметкерлердің еңбегін ынталандыру), электрондық оқыту жүйесін енгізу («e-learning»), мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамту («Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың баламалы желісін дамыту), орта (12-жылдық оқытуға көшу, «Назарбаевтың Зияткерлік мектептері» және «Бейіндік мектеп» аға мектептерінің желілерін дамыту), техникалық және кәсіптік (жұмыс берушілер жасаған Ұлттық біліктілік жүйесі және кәсіби стандаттарды жүзеге асырумен), жоғарғы және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді (Ұлттық аккредитациялық ұйымдарды халықаралық аккредитациялық желіге ықпалдастыру, Мемлекеттік жалпыға міндетті техникалық/кәсіптік білім мен оқу бағдарламалары стандарттарын жаңғыртумен, бірнеше мамандықтар алу үшін жағдай туғызумен, оқытудың қосарлы жүйесін жүзеге асыру арқылы кәсіптік тәжірибе үлесін ұлғайтумен, Индустрияландыру картасы жобасын жүзеге асыратын базалық кәсіпорындарға жоғары оқу орындары студенттерін бекітумен, елдің жеделдете индустриялық-инновациялық даму қажеттілігіне сәйкес мемлекеттік білімге тапсырыс құрылымын өзгертумен, индустриялық-инновациялық дамудың барлық бағыттары бойынша мамандарға заманауи біліктілік талаптарын белгілеумен) одан әрі дамыту. Бұл орайда білім беру мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту көзделеді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2015 жылға дейінгі кезеңге ғана мемлекеттік бюджеттен 1 трлн. 180 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу көзделеді.

Ж.Түймебаевтың айтуынша, соның нәтижесінде Қазақстанда оқитындар сапалы біліммен қамтамасыз етіліп, таңдаулы білім ресурстары мен технологияларына қол жеткізе алады. Халықаралық рейтингілердің көрсеткішінің жақсаруынан, қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттырудан басқа ел экономикасының орнықты өсу міндеттерін кадрлық қамтамасыз ету үдерісі жүзеге асырылады, Қазақстанның адам капиталының бәсекеге қабілеттілігі арттырылады. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы педагог кадрлардың еңбекақысы деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуы қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік бағдарлама жобасын талқылау барысында: Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын, Астана қаласы білм басқармасының бастығы Әсима Бимендина, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, Ұлттық аккредитациялық орталық сарапшылар кеңесінің мүшесі, Мәскеу мемлекеттік талшықты химиялық технологиялар академиясының проректоры Николай Прокопов, Қостанай облысы Рудный қаласындағы орта мектеп директоры Валентина Бурнаева, Ұлттық түзету педагогикасы ғылыми-практикалық орталығының директоры Бағылан Халықова, «Қазақстанның жастар конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов, Алматы білім беру жаңа технологиялар аймақтық орталығының директоры Темірхан Тасболатов, Қарағанды қаласындағы №9 кәсіптік лицей директоры Раиса Тамабаева, Алматы қаласындағы №100 «Гауһар» балабақша меңгерушісі Гүлсім Ілияшева, Павлодар облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Гүлбарам Наурызбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Нүкетаева және басқалар сөйледі.

Пікірсайыс барысында білім беру саласын дамытудың өзекті мәселелері қозғалды және мемлекеттік бағдарламаны пысықтай түсу жөнінде ұсыныстар енгізілді. Атап айтқанда, сөз алғандар білім беру жүйесін дамыту міндеттерін жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейту, халықаралық білім кеңістігіне ықпалдастыру, шағын комплектілі мектептердің даму мүмкіндіктерін кеңейту, электрондық оқытуды енгізу, инклюзивтік білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлау, жастарды саяси тәрбиелеу, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында орынмен қамтамасыз ету мәселелеріне баса көңіл бөлді, сондай-ақ бұл бағдарламаны білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін дамыту жоспарларымен ұштастыру қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министр К.Мәсімов ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ағымдағы жылы Үкімет Қазақстанды жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту бағадарламасын, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның, 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының, сондай-ақ 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобалары жасалғанын атап өтті. Осы жобаларды кеңінен және жан-жақты талқылаудың, қоғамдық сараптаманың қажеттігін атап көрсете отырып, К.Мәсімов білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы жобасының мәтінін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды тапсырды.

Премьер-Министр сондай-ақ Білім және ғылым министрлігіне түскен ұсыныстарды ескере отырып және мүдделі мемлекеттік органдармен келісу нәтижелері бойынша пысықтауды және оны ағымдағы жылғы тамыз айында кейіннен Мемлекет басшысының бекітуіне жіберу үшін Үкімет отырысында қарауға енгізуді тапсырды.

Мемлекеттік бағдарламаның жобасы аймақтық және салалық деңгейлерде кеңінен талқыланды.