«Өткен жылдың мамыр айында қол қойылған меморандумға сәйкес біздің компания «Қуат» корпорациясы бастаған жұмысты осы нысанда жалғастырып жатыр. Бізге Алматыда алты тұрғын үй кешені және Астанадағы «Гранд Алатау» кешені берілді», - деді «Глобал билдинг контракт» ЖШС директоры Болат Сауранбаев.
Компания басшысы ҚР Үкіметінің қаулысымен 20 млрд. теңге көлеміндегі алғашқы транш қазірдің өзінде бөлінгенін атап өтті. «Соның арқасында біз екі жылдың ішінде 244 мың шаршыметр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл - 1296 пәтер. Оның 1172-сін үлескерлер алатын болады. 896 пәтер биыл, қалғаны - келесі жылы беріледі», - деп мәлім етті Б.Сауранбаев. Ол «Қуат» корпорациясының барлық нысандары бойынша сараптама жүргізіліп, сейсмикалық беріктігі тексеруден өткенін атап көрсетті.
Б.Сауранбаевтың айтуынша, барлық нысандарда 1896 үлескерлер бар. Олардың талаптарын қанағаттандыру үшін тағы 34 млрд. теңге қаржы қажет.