ҚР Премьер-Министрі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында технологиялық аудит өткізуді тапсырды
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының ғимараттары мен құрылыстарына технологиялық аудит өткізу қажет. Оған ғылыми-зерттеу институттарын жұмылдыру керек. Аудит қорытындысы бойынша, проблемаларды жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек», - деді С. Ахметов бүгін Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауыт басқармасындағы отырыста.
Үкімет басшысы отырысқа министрліктер мен мүдделі мекемелер басшылары қатысып отырғанын атап өтті.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Раудың пікірі бойынша, технологиялық аудитті екі-үш айда өткізуге болады.
«26 шілдеде болған ірі апат - бұл елеулі ескерту. Бұның қайталанбайтынына кепілдік жоқ, сондықтан технологиялық аудит жүргізу қажет», - деп баса айтты А. Рау отырыста сөйлеген сөзінде.
Ол домна пештерінің тұрақсыз жұмысы және алғашқы өңдеудегі жоғары апаттылық өндіріс көлемін төмендетуге себеп болып отырғанын атап айтты.
«2012 жылы комбинатта 18, соның ішінде екі ірі апат болды. 2013 жылдың басынан бастап - 8, соның ішінде бір ірі апат болды. Іс жүзінде тұтас өткен жыл бойында және биылғы жылдың басында комбинат болат балқытатын процесте өз жұмысын резервсіз жүзеге асырған», - деді А. Рау.
Ол өндіріс көлемінің төмендеп кеткенін айғақтайтын мәліметтер келтірді. «2012 жылғы өндіріс көлемі 329 млрд. теңгені құрады, 2011 жылға қарағанда физикалық көлем индексі 86,1 пайызды құрады. Шойын қорыту 3,1 млн. тоннадан 2011 жылы 2,7 млн. тоннаға дейін, 2012 жылы ФКИ - 79 пайызды көрсетті. Ағымдағы жылдың алты айында өндіріс көлемінің 1 миллион 52 мың тоннасын тегіс прокат құраған, ФКИ - 81 пайыз», - деп нақтылады ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі.
Алдын ала болжамдар бойынша, 2013 жылдың соңына қарай өндіріс көлемі 2 млн 138 мың тонна тегіс прокатты, ФКИ - 85,7 пайызды құрайды деп күтілуде, деп қосты ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Премьер-Министрі С.Ахметов сейсенбі, 16 шілде күні жұмыс сапарымен Қарағанды облысының Теміртау қаласында болды. Сапардың мақсаты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металургиялық комбинатындағы жағдайды өз көзімен көріп, талдау жасау және мәселені шешу жолдарын қарастыру болатын.
Естеріңізге сала кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ХУ-1 кокс-химиялық өндірісінде биылғы 26 маусым күні сағат 16.15-те темір-бетон түтін мұржасы опырылып, жарылған. №5 кокс батареясының аралық жылу қабырғасындағы өнімдер жанатын мұржа үшке бөлініп кеткен.
Нәтижесінде кокс газы жанып, диаметрі 2000 мм тікелей кокс газы өтетін газ құбыры, көмір даярлайтын цех галереясы қираған, кокс-химиялық өндірістің химиялық шығарындыларды ұстап қалу цехы жұмысын тоқтатқан. Апат салдарынан домендік, аглодомендік және темір қақтау өндірісінің жұмысы шектеліп қалды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ.
Апат себептерін тергеу жөнінде арнайы комиссия құрылған. Апат салдарын жою және комбинатты апатқа дейінгі жұмыс тәртібіне шығару бағдарламасы белгіленген.
Комиссия қорытындысы бойынша, апат мұржаның дұрыс салынбауынан орын алған. Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, оны тұрғызу кезінде 1960 жылдары отқа берік кірпіштің орнына басқа материал қолданылған.